Іле ауданының экономикасын ілгерілетуге өнеркәсіп, құрылыс салаларымен қатар ауылшаруашылығы саласы да үлкен үлес қосуда. Негізінен Іле өңірінде төрт түлік мал өсірумен бірге егін шаруашылығы да қатар дамытылуда. Кешегі кеңес заманында мұнда отар-отар қой, табын-табын жылқы мен сиыр өргізіліп, мыңдаған гектар жерге бидай мен қант қызылшасы өсірілгені бәрімізге жақсы мәлім. Қазір де бұл игілікті дәстүр өз жалғасын табуда. Бүгінде 157254 бас қой, 39986 бас шошқа, 56773 сиыр, төрт мыңдай түйе бағылады. Сонымен қатар, 7500 гектар жерге бидай, 13340 гектарға арпа, 5270 гектарға жүгері, 9540 гектарға сафлор, 2175 гектарға соя, 360 гектарға күнбағыс, 1525 гектарға картоп, 3930 гектарға көкөніс, 730 гектарға бақша дақылдары өсіріледі. Малшылар мен диқандар өздері өсірген мал мен егістік өнімдерін Алматы қаласы мен аудан тұрғындарына сатып, одан түскен пайданы тиісті қажеттіліктеріне жаратуды бүгінгі күн талабына сай жүзеге асыруда.
Ел Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы «Ұлт жоспары - «100 нақты қадам» бағдарламасында ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуге айрықша назар аударылған. Ұлт жоспарының 60 қадамында ет және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту жайында сөз қозғалса, 61 қадамда ет өндірісі мен оны өңдеудің маңыздылығы айтылған. Осы мәселелер жөнінде біз аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Асқар Махмудұлы Юсуповты әңгімеге шақырған едік.
- Асқар Махмудұлы, «100 нақты қадамның» ауданда жүзеге асырылуы жайына тоқталсаңыз?...
- Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің қазіргі таңдағы басты міндеті өздері өсірген өнімді дер кезінде халыққа сату және өңдеу. Бұл жөнінде Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының 60 және 61 қадамдарында кеңінен айтылған. Ауданда сүт те, ет те өндіріледі. Оны өңдеп, әр түрлі өнімдер шығаратын зауыттар да жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Райымбек Агро», «Данон Беркут», «Междуреченск агро» зауыттарында сүт өнімдерінен ірімшік, айран, кілегей, қаймақ, әр түрлі йогурттар шығарылады. Бұдан басқа Ащыбұлақ ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Н.Салиханова өзінің фермасындағы 70 бас сиырдың сүтін ысырапсыз пайдаланады. Ол да сүттен әр түрлі өнімдер шығарып, Алматы қаласының дүкендеріне өткізеді. Ал, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Сыдық Дәулетов басқаратын «Дәулет Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақши ауылындағы шұбат зауытында түйе сүтінің өнімдері арнайы шишаларға құйылып, сауда орындары арқылы таратылады. Мұнда түйе сүтінен құрт, балқаймақ сияқты өнімдер жасалынады.
Ет өндірісіне келетін болсақ, «Первомайские деликатесы» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық өнімдері бүкіл Қазақстанның базарын жаулап алды десек, өтірік айтқандық емес. Еттен жасалынатын шұжықтың оннан астам түрлері дәмді әрі сапалығымен ерекшеленеді.
Құс етін өсіріп және өңдеумен ауданымызда «Алатау құс», «Алель агро» фабрикалары айналысады. Бұл фабрикаларда 1120,8 миллион дана құс өсіріліп, өңделеді.
- Ал, егістік өнімдерін өңдеу жағы қалай болуда?
- Арпа, бидай, қант қызылшасы, соя, жүгері сияқты өнімдерді шаруа қожалықтары уақтысында зауыттарға өткізіп отырады. Бұл бағытта бізде Байсерке ауылдық округіне қарасты «Байсерке агро» жауапкершілікі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Көкөніс өнімдері мен бақша дақылдары және картоп арнайы ұйымдастырылған ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде халыққа арзан бағамен сатылады. Ал, одан қалғаны арнаулы қоймаларда сақталып, қыс бойы саудаға шығарылады. Байсерке және Жетіген селолық округтерінде 10 көкөніс және 5 картоп қоймалары жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың өзінде Екпінді ауылында қуаттылығы 3300 тонна көкөніс қоймасы пайдалануға берілді.
- Бұдан басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар емес пе?
- «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары 384 мүйізді ірі қара сатып алса, екі шаруа қожалығы «Алтын асық» бағдарламасы аясында 703 бас қой сатып алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша бір шаруашылық 25 бас жылқы сатып алды. «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамы бір шаруашылықтың 350 бас жылқы сатып алуға деген тапсырысын қанағаттандырды. «Ырыс» бағдарламасы аясында «Жетіген ауылдық округіндегі «Рамис» шаруашылығы «Қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамына 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын салу үшін несие сұрап тапсырыс берді. Ол тапсырыстың мақұлданатынына сенім мол. Жалпы алғанда малшыларымыз бен егіншілеріміз халықтың ауылшаруашылығы өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыру үшін мемлекет көмегіне сүйене отырып, қолдан келген мүмкіндіктерін сарқа жұмсауда. Ауданның ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері алдағы уақытта да мемлекет тарапынан берілген міндет үдесінен шығу жолында жүйелі түрде жұмыс жүргізетін болады.
Роза АЙДАРБЕКОВА
|