Қарттар біздің байлығымыз. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсеткен халқымыз қартын құрметтеп, сыйлап отырған. Қарттарымыздың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Дана халқымыз – «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең», «Қарты бар үйдің-қазынасы бар», «Төріңнен қарт кетпесін», деп тілеген халық. Шындығында да «өсетін елдің өнегелі ұрпағы данагөй – қариясын» құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан. «Үйдегі қарияң - жазып қойған хатпен тең»,-демекші, қарттарын құрметтеген елдің ертеңі биік, келешегі жарқын, болашағы үстем, мерейі үстем болары хақ. Қарияның ақ батасынсыз, даналығынсыз қазақ қоғамында іс басталмаған. Бұл ықылым заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Қарттың бүгілген беліне сүйеу болу, үлкенді сыйлап, құрметтеу - ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздер жастар үшін қашан да арқа сүйер асқар таусыздар, жанашыр, ақылы дария ақылмансыздар! Қарттар бізге және өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өмір жолдары өнеге, еңбек жолдары үлгі боларлық данагөй тұлға, мәуелі бәйтерек. Ісі ұрпаққа үлгі - өнеге болатын қадірменді қариялардың елге сіңірген ерен еңбектері ешқашан өшпей, ұрпақтар санасында мәңгілік сақталынып, олардың жалпы өзекті мәселелерді шешуде даналық ақыл-кеңестерінің, ағалық ақылдары мен иманды сөздері маңыздылығын жоймайды.
Қарт кісіні құт-береке деп танысақ-ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Мiне, осынау ата-бабамыз мирас еткен ұлағатты жолмен келе жатқан елiмiзде қаншама игiлiктi iстер жасалынуда. Қарияларымызға қандай қызмет, құрмет, тағылым көрсетсек те көптік етпейді. Құрмет ай бойы ғана емес, жыл бойы, өмір бойы көрсетілу керек. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты.
Ақ сақалды қарияларымызды, әжелерімізді құрметтеп сыйлап, оларды бағалап қадірлей білуге тиіспіз. Қарты бар ел қашанда бақытты. Қарт болу бар адамға бұйыра бермейді. Сондықтан әжім басқан қарттарымыздың көңілдеріне қаяу, қабақтарына кірбің, жүректеріне мұң түспесін. Қарттардың қуанышы еліміздің қуанышы. Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
|