ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Іле ауданының әкімі болып Бағдат Қарасаев тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы Амандық Баталов оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында Елбасы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.
– Іле – облыстағы экономикалық даму жағынан жоғары көрсеткішті көрсетіп отырған үлкен аудан. Мұнда ірі-ірі өнеркәсіптер орналасқан. Ауылшаруашылығы да сан салалы. Халықтың тығыз орналасу аймағы болғандықтан мұнда жылда жаңа мектеп, жаңа балабақшалар ашылады. Жұмыс орындары да көбейе түсуде. Тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан ірі ауданның әкіміне жүктелер міндет көп. Ауылшаруашылығын дамытып, кәсіпкерлікті өркендетуге күш салу керек. Ең бастысы, ел бірлігін сақтап, Елбасы саясатын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге аянбай жұмыс істеу қажет. Ал, ол үшін осындағы ел ағалары, ақсақалдар әкімге қолдау көрсетіп, ынтымақты жоғары орынға қойғаны абзал. Мемлекетіміз қуатты болу үшін әр ауыл, әр аудан, әр облыс игілікті жұмыстар атқарып, бірлікпен алға қадам басуы керек, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ерболат Тұрымбетов, ауданның Құрметті азаматы Төрткен Кененқызы, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Қаражігітов зейнеткерлік демалысқа шыққан Қыдыркелді Өміржанұлының жұмысына ризашылықтарын білдіріп, жаңа әкімнің қадамына сәттілік тіледі.
ТАҒАЙЫНДАУ
Алматы облысы әкімінің өкімімен Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев Іле ауданының әкімі лауазымына тағайындады.
ҚАРАСАЕВ Бағдат Әбілмәжінұлы - 1964 жылы туған. Алматыдағы теміржол институты мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін аяқтаған.
Еңбек жолын Андреев ауданына қарасты Дзержинск ауылында орналасқан №13 орта кәсіптік-техникалық училищесінде мұғалім болып бастаған. Әр жылдарда №13 ОКТУ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Алакөл Агро», «Қайыңды» ЖШС-ның директоры, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының жетекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы, Талдықорған қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2018 жылдың мамыр айынан – Алматы облысы әкімінің кеңесшісі.
Хроника
Алматы облысы әкімінің өкімімен Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы зейнетке шығуына байланысты Іле ауданының әкімі лауазымынан босатылды.