Басты 
 

 
 
 
ТӘУЕКЕЛГЕ МІНГЕН ЕЛ - ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫНА ҚОНАДЫ 03.08.2016

 

Апта басында аудандық «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және аудандық ішкі саясат бөлімінің тікелей қаржыландыруымен аудандық кітапханада еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Тарих жолы – Тәуелсіздік жолы» жобасы аясында «Бейбітшілік пен келісімге 20 жыл» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Оған аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова, күрд ұлттық орталығының өкілі С.Чатуев, «Жастар» орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Дауталиев, этномәдени орталығының өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері және кітапханашылар қатысты. Осы іс-шара аясында аудандық кітапхана ұжымы «Тарихқа тағзым» атты кеңейтілген кітап көрмесін ұйымдастырып, «Тәуелсіздік - тұнған шежіре. Мәңгілік ел - нұрлы жол» атты слайдтарын көпшілікке ұсынды.
Дөңгелек үстелдің көздеген мақсаты: Тәуелсіздік, тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім негіздері бар базалық құндылықтары қоғамның айналасында топтастыру. Оқырмандарға Елбасымыздың еңбектерімен қатар еліміздің Тәуелсіздігі туралы әдебиеттерді насихаттау, жастардың тәуелсіз еркін елдің болашағы туралы ой-пікірлерін ортаға салып талқылау. Көңілге түйіп көпке шашудай шашатын алғы сөздің алғашқы легін аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова бастады. Ол өз сөзінде «Біздің асыл Тәуелсіздігіміз алтын күні жарқырап, қыраны көгінде қалықтаған қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, киелі Іле жерінде бой көтерген әрбір үйде салтанат құрады. Еліміздің келешегі, жарқын болашағы - жастар еркін елдің егемендігін ары қарай дамытып, халықтың өсіп-өнуіне өз үлестерін қосып, бірлігімізді жарастырып, ынтымағымызды асырса екен» - деді. «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базисі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Бекходжаева қоғамдық бірлестіктің алдағы атқарар жұмыстарын таныстырды. Сонымен қатар күрд ұлттық орталығының өкілі С.Чатуев қазақ халқына аса разылығын білдіріп: «Көріп жүргеніміздей, Нұрсұлтан Назарбаев өте қиын әрі амбицияға толы мақсаттар қояды. Дегенмен оларды орындауға болады және орындалып та келе жатыр. Біздің Президентіміз саясат пен идеологияны өте жақсы меңгерген. Сондықтан оның алға қоятын мақсаттары үнемі орындалады», - деді. Оның пікірінше, Президенттің саясатының тиімді жүргізілуінде қоғамымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ауызбірлігі үлкен рөл ойнайды. Ал аудандық кітапхананың кітапханашысы С.Қабақова «Тәуелсіздік - қазақ халқының ежелгі арманы» тақырыбында баяндама оқыды.
Әртүрлі тақырыпта сөз қозғаған өзекті мәселелерге жастар орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Дауталиев араласып, «Жастар - Тәуелсіздік құрдасы» атты баяндамасын көпшілікпен бөлісті. Қазақ жастары қиындыққа мойымай, Тәуелсіз елдің көк байрағын желбіретіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуін тоқтатпайтынын айтты.
Дөңгелек үстел еркін ойын білдіретін дебаттық тұрғыда өткізілгендіктен ой-пікір алмасуда жеңіл болды.
Жиын соңында талқыланған тақырып бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар ойларын ортаға салып, өз пікірлерін білдірді.