БАСТЫ

 
 
 

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖЕБЕУШІСІМІЗ

03.07.2017

    

Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Іле аудандық филиалының жаңа басшысы тағайындалып, кәсіпкерлік қызметіне көмек көрсету қауымдастығының жұмысы жандана түскен. Аталмыш ұжым бірнеше жылдардан бері қарамағындағы жеке кәсіпкерлердің мүддесін қорғап келеді. Біз осы қауымдастықтың атқарып жүрген істерімен танысу мақсатында, аталмыш мекеменің директоры Қанат Қасымханұлымен жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз.

 

- Қанат Қасымханұлы, өзіңіз басқарып отырған қауымдастық қай жылдан бері жұмыс істейді?

- Аудандық кәсіпкерлік қызметіне көмек көрсету қауымдастығы 2014 жылдың 4-ші ақпанында құрылды. Сол кездері 20 жеке кәсіпкерлер бірігіп, осындай қауымдастықты құруға ұйғарым жасады. Солардың тікелей қолдауымен осы қауымдастың жұмыстарын жалғастыруда.

- Негізгі айналысатын жұмыстарыңызға тоқталсаңыз?

- Біз салық комитеті, прокуратура, қаржы полициясының алдында жеке кәсіпкерлердің құқығын қорғаймыз. Сонымен қатар мұнда өзінің кәсіпкерлік құқығын толық білмейтіндер де жиі келеді. Оларға тиісті ақыл-кеңес береміз.

- Сонда кәсіпкерлерді қандай мәселер толғандырады?

- Кез-келген кәсіптің көзін ашу үшін кәсіпкерге қыруар құжат қажет. Оларды түгендеу үшін де көп уақыт кетеді. Ал егер оның үстіне сіз кәсіпкерліктің заңдарын дұрыс білмейтін болсаңыз, заңға қайшы әрекеттерге ұрынуыңыз мүмкін. Соның салдарынан мемлекеттік органдарының тексерісі кезінде кемшілікке жол бергендері үшін айыппұл төлеуге тура келеді. Сондықтан бізге жеке кәсіпкерлікті қолға алған жандар жиі келеді. Біз бұл ретте оларды бірінші заңды құқықтарымен таныстырып, керекті құжаттардың тізімін береміз. Сондай-ақ кей кездері кәсіпкерлерге алдын ала ескертілмей, күтпеген жерден тиісті орындар тарапынан тексеріс келіп, заңсыз айыппұл салған жағдайлар да болады. Мұндайда біз істің мән-жайымен толық танысып, мемлекеттік органдармен хабарласамыз.

Осы уақытқа дейін біздің қатысуымызбен облыстық және Жоғарғы сотта көптеген мәселелер қаралып, өзінің шешімін тапты.

- Қазіргі осы қауымдастықтың қарамағында қанша жеке кәсіпорыны бар?

- Біздің қарамағымызда қазірше бірнеше ғана өнеркәсіп бар. Әрқашан осы кәсіпорын иелерімен тығыз байланыстамыз. Олардың құқығын қорғап, кәсіптерін жылдан-жылға кеңейтуіне жағдай жасап келеміз. Ең бастысы бізге жеке кәсіпкерлер қандай мәселемен келсе де, көмектесуге тырысамыз.

- Өзіңіздің осы салада қызмет істеп жүргеніңізге қанша жылдың жүзі болды?

- Мен бұл қауымдастыққа келіп, жұмысты жүргізе бастағаныма көп болған жоқ. Аз уақыттың ішінде көптеген кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс жасауды қолға алдым. Аудан көлеміндегі 10 округтің барлық кәсіпорындарына кіріп, өзімді және кәсіпкерлер құқығын қорғау палатасының негізгі жұмыстарымен таныстырдым. Олардың құқығын қорғап, бастаған істерін жандандыруға көмектесе алатыныма көздерін жеткізу үшін қолымнан келген көмегімді көрсетуге даярмын. Менің ең басты міндетім, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау.

 

аудандық кәсіпкерлік қызметіне көмек беру
қауымдастығының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы,
Іле аудандық филилалы директоры Рахимов Қанат Қасымханұлы