БАСТЫ > 

 
 
АҚШИГЕ КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛДІ 03.01.2018

                    

«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан» демекші, Тәуелсіздік күні қарсаңында  Ақши ауылының халқына керемет сый жасалды. Көгілдір отынның арқасында көмір азабынан құтылған ауыл тұрғындарының қуанышы ерекше. Талай жыл ауыл тұрғындары үшін арман болып келген көгілдір отын бүгін пайдалануға берілді Кейбір ақшилік тұрғындар өз көздеріне өзі сенбей жатқанын ашық айтылып жатты. Мерекелік жиында сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов:

– Алдымен сіздерді ата-бабамыз армандап кеткен бүгінгі Елбасымыз бастаған, халқы оны қостаған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді өз сөзінде. – Бүгінде Ақши ауылының әлеуметтік мәселелері толыққа жуық шешілді деуге болады. Міне, ауылдарыңызға газ келді. Сіздерді осы қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Мен де қуаныштымын. Отбастарыңызға береке берсін, үйлеріңізден жылу кетпесін – деген ақ тілегін жолдады. Содан кейін мінберге көтерілген аудан әкімі Қ. Медеуов:

– Мен өз сөзімде тұрдым. Былтырғы есебімде жыл соңына дейін Ақши ауылына газ тартылады деген уәдем бар еді. Сол бүгін орындалып, сіздермен бірге қуанып тұрмын. Біз алдымен Елбасымыздың сындарлы саясаты мен Тәуелсіздігіміздің көк аспанына рахметімізді айтуымыз керек. Ауылдарыңызға береке, бірлік тілеймін. Ауданымыз дами берсін! – деді. Жалпы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін Ақши ауылының әрбір үйі газбен қамтылады деген жоспар бар. Ал ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» бен «Ернар строй» компанияларының бірлескен жобасы бұған дейін Алматы және Алматы облысында жүзеге асқан болатын. Ақши ауылының әкімі Даниал Өгізбаев:

– Ары қарай ауылдың ішіндегі газ құбырларының барлығы жеке инвесторлардың есебімен салынады.  Болшақта ол газ өткізу арқылы және газ сату арқылы өзінің жұмсаған инвестицияларын қайтарады деген сөзін жеткізді. Қазір Ақши ауылында 6 мыңға жуық халық тұрады. Ал жаңадан тартылған газ құбырына  мыңнан астам үй газ кіргізуге құмартып отыр.

«Ернар строй» ЖШС-нің директоры Бекзат Нұрланұлы. – Біздің серіктестік ауқымды жұмыстарды атқарып отыр. Жаңа жол ауылының жалпы ұзындығы 83 шақырым болатын негізгі көшелеріне газ құбыры тартылды. Бригададағы жұмысшыларымыз үш ауысыммен тынбай еңбек етіп келеді, – деді. Ауылда алғашқылардың бірі болып газ кіргізген Нәзия Бейсенгалиева.

– Әрине, пеш жағу қиын. Балалар газ өткізіп беріп жатыр. Қазір, міне, көріп отырсыздар үйімде көгілдір отынымыз маздап тұр. Жыл өткен сайын аудан көркейіп келеді. Ең бастысы еліміз тыныш болсын. Барлық азаматтарға рахмет айтамын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – дейді үйдің отанасы.

Жалпы Ақшиге жылына 2 миллион куб газ беріледі. Ал газ құбыры ауыл ішінде 27 шақырымды құрайды.