БАСТЫ > 

 
 
 
МАРГАРИТА ИРАНДЫ ДА БАҒЫНДЫРДЫ 02.11.2016

       

Ел үмітін ер ақтар, не болмаса, ер мінезді нәзік жандыларымыз да ақтайтынына көзіміз әбден жетті. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатында алға қойған тапсырмасына орай, салауатты өмір салтын қалыптастыру саласы сара жолға қойылғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде спорттың әр түрінен жастарымыз өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Сол жастардың бірі өзіміздің Маргарита Агамбаева деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені, қаршадай қыз жақында ғана Иран мемлекетінде жастар арасындағы шыңға өрмелеуден өткен Азия чемпионатында шыңға жылдам өрмелеу бойынша жүлделі ІІ-орынды алып келді. Маргарита Агамбаева Өтеген батыр кентіндегі Экономкиа және құқық колледжінің студенті. Колледж басшысы А. Бейбітованың айтуынша Маргарита өте алғыр және еңбекқор шәкіртіміз. Оның жетістігі біздің колледж студенттеріне үлгі және мақтанышымыз дейді.

Ирандағы жеңісі туралы: - Бірінші рет шығып  жатқан жоқпын. Алайда бұл жолы қарсыластар да оңай болмады. Десек те сәттілік менімен бірге болды деуге болады. Азия мемлекеттері арасында ІІ-орын алу мен үшін үлкен мәртебе - дейді жігерлі қыз.

Маргарита 6-сынып оқып жүрген жерінде Чапай ауылдық округіндегі «Альпийский Роза» туристік клубында К. Сапроновтан тәлім алған. Алғашқы жаттығудан-ақ осы спорт түрі Маргаритаға бірден ұнаған соң жиі әуестене бастайды. Көп ұзамай-ақ алты айдан кейін  Талдықорған қаласында Алматы облысы бойынша жастар арасындағы шыңға өрмелеу жарысында көзге түсіп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы альпинизм және шыңға өрмелеу федерациясына арнайы шақырту алады. Онда ол альпинизм және шыңға өрмелеуден халықаралық спорт шебері Т.Кузнецованың қарамағына түседі.

Міне, содан бері Алматы облысы бойынша және республика бойынша және алыс-жақын шетелдерде шыңға жылдам өрмелеуден алдына жан салған емес.

Маргарита Иран мемлекетінде өткен үлкен жарыстан келе сала, Шымкент қаласындағы ел кубогі үшін өтіп жатқан таласта ІІІ-орынды місе тұтты. Маргаританың айтуы бойынша бұл нағыз бәсекеге апарар жолдағы сатылық деңгейлер ғана екен. Небәрі 17 жасар Қазақстанның Абсолюттік чемпионы, ҚР спорт шебері, ересектер арасындағы Азия және Орта Азияның күміс жүлдегері Маргарита Агамбаеваның жоғарыда айтылған жетістіктері  сөзімізге дәлел.

Ол осы үстіміздегі жылы қарашада Қытай Халық Республикасында өтетін әлем чемпионатында алтын алқаны ұтсам деген мақсат қойып отыр. Маргарита қызымыздың алға қойған арманы орындалып, ауданымыздың атын әлемге тағы бір рет танытуына тілектеспіз.