БАСТЫ

 
 
 

Медиация мақсаты – бітімгершілік

02.02.2017

       

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңтайлату, оны басын артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей жолдарды қарастыру қажет» деп көрсетілген. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.

Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтеді. Олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Елімізде «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.

Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.

Медиацияның мақсаттарына тоқталсақ, біріншіден, дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу; екіншіден, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Осы мақсат-міндеттерін қолдана алсақ, біраз мәселені оңтайлы шешуге зор мүмкіндік болар еді. Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.