БАСТЫ > 

 
 
ПРОБАЦИЯ – ОЛ ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІК 01.11.2017

                    

Аудандық прокуратура және аудандық ІІД-нің түзету жүйесінің пробация бөлімі шартты түрде жазасын өтеушілер арасында шахмат, шашки, мини-футбол, белтемірде тартылу, кір тас көтеру бойынша спорттық жарыс өткізді. Жарыста жеңген командаға арнайы марапат қағаздар мен сыйлықтар берілді.

Айта кетейік, Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017–2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын бекіткеннен кейін  қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметін енгізді.

Аталмыш жаңалықтың Қазақстанда заңды түрде бекігеніне де бір жыл ғана. Дегенмен әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған. Жалпылай айтсақ, бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни, сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру

Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерде шартты түрде сотталған азаматтарды әлеуметтендірудің жеке бағдарламаларын құрастырудың әдіснамасын әзірлеу, сынақ мерзімінің барлық кезеңдерінде көмек көрсету. Пробация сотқа дейін, үкім шығарылғаннан кейін, пенитенциарлық және постпенитенциарлық деген төрт кезеңнен тұрады.

Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек.

Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал, пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.

– Пробация қызметі ауданымызда жұмыс жасай бастағанына бір жылдай уақыт өтті. Қазір ауданымызда 339 адам пробация тізімінде тұр. Бұл өте көп. Сондықтан жұмысты жандандыру мақсатында түрлі кездесулер мен спортық іс-шараларды қолға алып жатырмыз. Тізімдегілердің барлығы бақылауымызда. Өйткені, шартты түрде сотталғандар сынақ мерзімінде жүреді. Ал сынақ мерзімін беру – пробацияның негізгі белгісі, – дейді Алматы облысы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, пробация қызметінің бөлім басшысы, әділет  майоры Ербол Қожа .

Аталмыш қызметке деген қажеттіліктің туындау себебі де бар. Ол зайырлы мемлекетте тұрғандықтан адам құндылығының және оның тағдырына деген алаңдаушылық білдіру. Яғни, бірден соттап жазаға тартпай қоғамдық жұмыстарға тартып, өз қателігін еңбек арқылы түзеу. Шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар. Олар айына 2 рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруға міндетті. Сондай-ақ, қала аумағынан шықса немесе тұрғылықты мекенжайын ауыстырса, пробациялық қызмет өкілдеріне міндетті түрде хабарлауы қажет.

Ербол Қожаның айтуынша, пробация қызметкерлерінің әрекеті заңға қайшы болса, онда ҚР заңдарына сүйене отырып, шағым түсіре алады. Пробация қызметкерлері шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың сот міндеттемелерінің орындалуын қатаң қадағалаумен қатар, әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетеді.

Оның негізгі бағыттары шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал жасап, ауырып қалса, дәрігерлік көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Әлеуметтік-құқықтық көмек әрқайсысының қажеттілігіне байланысты көрсетіледі. Пробациялық қызметке жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар жәрдемдеседі.