29.09.2014 Талдықорғанда Жамбыл облысының мәдени күндері басталды.
І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайындағы салтанатты ашылуында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов сөз алып, талдықорғандықтарды мәдени күндер аясында өткізетін шараларымен таныстырды.
Мереке шеңберінде түрлі көрмелер, концерттер, қаламгерлермен кездесу, балаларға және ересектерге арналған қазақ және шетел драматургтерінің қойылымдары көрсетілетін болады.
Сонымен қатар жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов құттықтап, қалалықтар мен қала қонақтарының Жамбыл облысының тарихымен, мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Мәдениет күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – ғасырлар куәсі» атты көрмесімен басталды. Ал кешкілік Б.Римова атындағы драма театры сахнасында Жамбыл облыстық қазақ драма театры Шыңғыс Айтматовтың «Ана Жер Ана» қойылымын ұсынады.
Жамбыл облысының мәдениет күндері 2 қазанға дейін жалғаспақ.
|