Халық – кез келген мемлекеттің ертеңі, бүгіні және болашағы. Халықтың тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты жақсы болса, мемлекетте өте жоғарғы қарқынмен дамиды. Елбасы қашанда өзінің бағдарламаларында, жолдауларында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жайлы баса айтып отырады. Мәселен, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасының бірінші бағытында көліктік-логистика инфрақұрылымын дамыту туралы айтылған. Соның арқасында, тұрғындардың әрбір сөзі ескеріліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қарасу – Іле ауданымызда енді көркейіп, халық саны көбейіп, жаңадан көпқабатты үйлер тұрғызылып жатқан шағын ауданның бірі. Су жүйесі, жарық, жылу, интернет желілері сынды тұрмысқа қажетті жағдайлар толықтай жүргізілгенімен, қоғамдық көлік жағдайы көп жылдар бойы ескерілмей келді. Бірақ, көп ұзамай бұл түйіннің де, бір шешімі табылды. 2017 жылы Қарасу-2 шағын ауданының тұрғыны, Энергетик ауылдық округі қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұржаубаев Фархад Өмірғалиұлы, бұл мәселені шешуді өз қолына алған болатын. Алдымен, аудан әкімшілігіне барлық мәселені айтып, өтініш жазған болатын. Кейіннен бұл мәселе Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобильдер басқармасында қаралып, нақты шешім қабылданып, халықтың сұрауы бойынша, көлік жүргізілетін болды. Арада бір жыл өткен соң, көптен күткен көлік жүргізіле бастады. Халыққа қызмет көрсетуді «Саяхат» ЖШС мекемесі толық өз мойнына алды. Алдымен, тәжірибе ретінде бес автобус жүргізіліп жатыр, бірақ халықтың сұранысына байланысты көлік саны да артпақ. Айта кетсек, «Саяхат» мекемесі 1998 жылдың 26 наурызынан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Мекеменің болашақтағы жоспары, ауданның әрбір елді мекенін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету. Қызметтің барлығы халыққа арналғандықтан, жергілікті орындағы тұрғынның пікірін сұрап білуді жөн көрдік. Қарасу-2 шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Құрманов Ержігіт Алқанұлы елді мекеніне көлік келгеніне ризашылығын білдіріп, ойымен бөлісті. Алматы қаласында жұмыс пен тірлік қайнап жатқан ордасы Саяхат болғандықтан, 445-інші автобустың бағытын өзгертуі туралы ұсыныс тастады. Бұл пікір орынды болып көрінгендіктен, «Саяхат» ЖШС жақын арада әрбір ұсыныстың толық ескерілетінін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Қарасу-1, Қарасу-2 шағын аудандарында 445-інші қоғамдық көлік іске кірісті. Қарасу- 3 шағын ауданында жол нашар болғандықтан, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу аяқталған соң, Қарасу-3-те көлікпен қамтамасыз етіледі. Бағыты: Қарасу – «Сәлем» базары аралығы. Маршрут күнделікті таңғы 7:00 мен кешкі 19:00 аралығында жүреді.