ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ- ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІНІҢ МОНОЛИТІ
           
Өткен жылдың соңында Чапаев ауылдық округі бойынша 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік Стратегиясын іске асыру бойынша 2012-2016 жылдарға арналған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңестің 2013 жылға қорытынды ретінде №10 орта мектепте жоғарғы сынып оқушыларымен жиын өткізілді. Жиындағы негізгі мақсат Президент Н. Ә. Назарбаевтың өзінің халыққа арнаған Жолдауындағы «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» деп тұжырымдауына байланысты болды. Онда қоғамдағы әйелдер мен қыздардың орны туралы айтылды. Қыз баланың мектеп қабырғасындағы білімі, тәлім тәрбиесі қызу талқыланды. Оқушылардың ұстаз алдындағы этикалық, эстетикалық қарым-қатынас туралы да айтылды.
Жиынға қатысып мазмұнды баяндама оқығандар қатарында Чапаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Сакипова Гүлжан Рамазанқызы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат туралы сөз сөйледі, Округ әкімі жанынан құрылған Әйелдер кеңесінің төрайымы Шотамбаева Зухра Әділқазықызы әйелдер кеңесінің есебі туралы баяндама оқыды. Округ әкімі жанынан құрылған әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Байымбетова Айман Өтепбергенқызы жиынды «Қыздың намысы, ұлтымыздың намысы, халқымыздың шырайы» атты баяндамасымен жалғастырды. Чапаев ауылдық емхананың әйелдер дәрігері Отарбаева Марияш Абуталиқызы «Қыздардың жеке гигиенасы, болашақта сіз Ана боласыз», әжелер кеңесінің төрайымы Тасыбекова Жұмақыз Жылқышиқызы «Әжелер өнегесі», ардагерлер кеңесінің төрайымы Имашева Жаңыл Уалханқызы «Қыз өссе елдің көркі» тақырыптары бойынша сөз сөйледі.
Жиынға қатысқан ауылымыздың әжелері де өз ойларымен бөлісті. Жиынға қатысушылар баяндамалардан кейін өнегеге толы тәрбиелік құндылығы бар слайд тамашалады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бекіткен гендерлік  стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Қазіргі кезеңде ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде аудан көлемінде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің ауданымызда бұл мақсаттағы жұмыс көңілге қуаныш ұялатады. Бұл саясатқа Елбасының өзі тереңірек мән беріп жатқанын естен шығармаған жөн. Кешегі «Отбасы -тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» қабылданған Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді.
Қазір қоғамда және ауданымызда бір-ауыздан ұстаз қауымының мәртебесін көтеруге күш салуда. Білім заңына да «ұстаз мәртебесі» деген арнайы бап енгізілгенін жақсы білеміз. Ұстаз адамның адам болып қалыптасуына ықпал жасайтын бірден-бір маман. Осы орайда ұстаз еңбегінің бағалануы өте дұрыс. Бұл барлық адамзат үшін зор құрмет. Қазір көп ата-ана «баланы киіндіріп, ішіндіріп, ата-аналық міндетімді орындадым» деп ойлайды. Ал өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін ең басты керек нәрсе - ата-аналық жылылық екенін түсінбейді. Ата-ананың бала алдындағы басты парызы киіндіріп, ішіндіруден де басқа дұрыс тәрбие беруі. Ұрпақ тәрбиесінің жақсы болуы - елдің жарқын болашағының кепілі. Осынау асыл ұғымды ата-ана қауымы біліп тұрса екен деген үміт бар.
 
Б. ЧОЙБАСОВ.

(Дата размещения: 20.01.2014)