БАСТЫ > АУДАН БӨЛІМДЕРІ > Іле ауданының ішкі саясат бөлімі > ҚҰЖАТ

 
«ТАБЛИҒИ ЖАМАҒАТ» ДЭҰ-НЫҢ ТЕРІС ӘРЕКЕТТЕРІ
 
11.07.2017

 

«Таблиғи жамағат» ұйымы 1927 жылы Дели маңындағы Меуат елді-мекенінде деобандилік бағыттағы дін қайраткері Мұхаммед Ильяс Қандахлауи тарапынан құрылған ислам дінін тарататын қозғалыс ретінде белгілі.

Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бастап «Таблиғи жамағат» миссионерлерінің қарапайым пакистандық үлгідегі киіммен ислам қағидаларына бойұсынуға шақырып, ел аралап жүрулеріне бойымыз да үйреніп қалғандай. Алайда сол қарапайымдылықтың артында не жатыр және бұл қозғалыстың шынайы мүдделерін білу – үлкен мәселе.

Таблиғшылар Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді қызмет атқарып келді. Алайда Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдерінде және Ресей Федерациясында олардың қызметіне тыйым салынғанына біршама уақыт болды.

Прокуратураның ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне де тыйым салынды.

         «Таблиғи жамағат» деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады. Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық тұрғыдан уахабизмге жақын. Яғни, бұл қозғалыстың идеясы да балама ойлар мен пікірлерді жоққа шығарады. Шындығында, исламның ханафи бағытына мұндай біржақтылық тән емес еді.

         «Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан болса, ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Мұндай тәсіл ислам қағидаларына қайшы, өйткені дәстүрлі ислам оқшаулану мен соқыр бойұсынушылықты құп көрмейді.

         Біздің қоғамымызда да «Таблиғи жамағаттың» ізбасарлары «дін тарату» мақсатында отбасыларын тастап кету фактілері орын ала бастауда. Таблиғшылардың отбасыларының ыдырауының, олардың әйелдері мен бала-шағаларының әлеуметтік-экономикалық және рухани тарығушылықтарының себептері осы емес пе? Ал ислам діні мұсылманның өз отбасын бағып-қағуға және жұбайына көңіл бөлуге жұмсаған уақытын ғибадаттың бір түрі деп үйретеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген.

         «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-мамандары тарапынан «Таблиғи жамағат» ДЭҰ-ның мүшелерімен әрдайым оңалту жұмыстары жүргізілуде. Оларға халқымыз ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің құндылықтары, ханафи мазхабының ерекшеліктері мен «Таблиғи жамағат» ұйымының теріс пиғылдары жайлы жеке дара түсінідіріледі.