БАСТЫ > АУДАН ОКРУГТЕРІ > Күрті (Ақщи) > Ақпарат

 
 
 

Күрті ауылдық округіндегі жергілікті учаскелік полиция инспекторының округ тұрғындарының алдында 2017 жылдың 3айдың қорытындысы бойынша атқарған жұмысы туралы берген есебі бойынша мәлімет

12.04.2017
 
     

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы 23.04.2014 жылғы № 199 – V санды Заңына және 29.03.2016 жылы осы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларының 9-1 бабы 7 тармағына сәйкес жергілікті учаскелік полиция инспекторлары тоқсанына бір рет өзіне бекітілген әкімшілік аумағы бойынша жүктелген міндеттер мен қызметтердің орындалуы туралы тұрғындар алдында  есеп  беру нормасын орындау мақсатында 12 сәуір 2017  жылы сағат 11.00-де Ақши ауылдық мәдениет үйінде жергілікті учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Кемербаев Жандос Жолдасұлы  өзіне бекітілген әкімшілік аумағы көлемінде өзіне жүктелген міндеттер мен қызметтердің орындалуы туралы ауылдастары алдында есеп берді.

         Есептік кездесуге Іле аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдібекұлы, аудандық маслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Давлетов Сыдық Әбуұлы, аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Жолдыбаев Ғаният Арыстанбекұлы, Междуреченск кенттік полиция бөлімінің басшысы, полиция каптины Жакаев Айдос Нұрланұлы,округ әкімі Өгізбаев Даниял Рахымбайұлы, барлық мекеме, ұйым басшылары мен қызметкерлері, округ ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, көше комитет төрағалары, тыл еңбек ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, ауыл ақсақалдары, ауданның құрметті азаматтары, «Күрті» БПҰ-ның мүшелері, жеке кәсіпкерлер, жеке шаруа қожалық иелері, округ тұрғындары, ауыл жастары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, барлығы 192 адам қатысты. 

         Есептік кездесуді округ әкімі Д.Р.Өгізбаев ашып, барша қатысушыларға жиналыстың басты мақсаты мен маңыздылығын түсіндіріп, қатысып отырған аудан басшыларын таныстырып, күн тәртібінде қаралатын мәселеге тоқтала келе, сөз кезегін жергілікті учаскелік полиция инспекторы Ж.Кемербаевқа ұсынды.

         Жергілікті учаскелік полиция инспекторы Ж.Кемербаев 2017 жылдың 3 айында атқарған жұмысы туралы баяндама жасап, округ бойынша орын алған қылмыстық фактілерге талдау жасап өтті. Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы қылмыс саны азайғанын, ашылмаған қылмыстық фактілер бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқандығы, сонымен қатар құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында қоғамдық ұйымдармен, жергілікті әкімшілікпен, мекеме, ұйым және ауыл ақсақалдарымен тығыз жұмыс жүргізілетіндігін айтып өтіп, алда тұрған жоспарлы жұмыстарды таныстырып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында елді бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.

         Жергілікті учаскелік полиция инспекторының баяндамасынан кейін округ ардагерлер кеңесінің мүшесі Таттыгулов Жұмекен, № 8 орта мектептің мұғалімі Әбілқасым Бексұлу, жеке кәсіпкер Достанова Жібек және ардагерлер кеңесінің мүшесі Абыканов Ахмет сөз сөйлеп, округ бойынша құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында учаскелік полиция инспекторы тарапынан атқарылған жұмыстарына талдау жасап, білім саласында, қоғамдық ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан шараларды атап өтіп, барша ауыл тұрғындарын қылмыспен күресуге және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірігіп жұмыс жүргізіп, учаскелік полиция инспекторына көмек көрсетуге шақыра келе, қанағатанарлық деген баға берді.

         Бұдан кейін Іле аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдібекұлы сөз алып, өз сөзінде жергілікті учаскелік полиция инспекторының 3 айда атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, сенімділік танытқандары үшін ауыл тұрғындарына өз ризашылығын білдірді.

         Содан соң, аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Жолдыбаев Ғаният Арыстанбекұлы сөз алып, жалпы аудан бойынша азаматтардың құқықтарының бұзылу фактілері бойынша тіркелген қылмыстық ахуалға талдау жасап, атқарылып жатқан іс-шараларды айқындап өтті.Сонымен қатар қылмысты ашу бағытында қоғамдық  ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жасау керектігін де айқындады.      

         Содан кейін округ әкімі Д.Р.Өгізбаев сөз алып, жиналысты қорытындылай келе, қатысушылар мен ауыл тұрғындары тарапынан жергілікті учаскелік полиция инспекторы Ж.Кемербаевқа қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағыты бойынша ешқандай ұсыныс-пікірлердің түспегенін айта келе, бұл бағытта ерікті халық  жасақшыларының, қоғамдық ұйымдардың, көше комитет төрағаларының, «Жас Отан» жастар қанаты мен үйірмелердің жұмысын жандандыру мақсатында жоспарлы іс-шаралар атқарылу қажеттілігін,сонымен қатар, рейдтік шараларды өткізу шарасы бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізілуіне аса мән беріп, жиналысты аяқтады.