Жемқорлықсыз сессия

16.09.2016
 
   

Боралдай кентіндегі «Көпсалалы білім беру» колледжінде сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың, алаяқтық әрекеттердің алдын алу жөніндегі 2016 жылға арналған ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында «Жемқорлықсыз сессия» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға  Боралдай кенті әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскері А.Жеңсікбаева, «Көпсалалы білім беру» колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т.Пилалова және студенттер мен мұғалімдер қатысты. Жиынды  «Көпсалалы білім беру» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  К.Шолықбаева ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде  белгіленген, осыған орай сыбайлас  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу өз құзыреті шеңберінде барлық мемлекеттік органдардың, азаматтық  қоғам институттарының, ұйымдарының  және жеке тұлғалардың қызметі мен парызы екендігін жеткізді. 

Жиынға қатысушыларға тиісті салада қабылданған заңнамалық актілердің нормалары мен Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама туралы жан-жақты әрі толыққанды мәлімет берді. Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму кезеңіндегі сыбайлас жемқорлықты еңсеру ісі – еліміздің экономикалық және саяси дамуының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар, ол «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының жобасы сыбайлас жемқорлықты туғызатын себеп пен жағдайды жоюға бағытталғанын жеткізді.
       Мұнан соң  сөз алған «Көпсалалы білім беру» колледжінің 2,3 курс студенттері өз ойларын білдіріп, пікір талас өткізді. Бұдан бөлек бас қосуда студенттер тақырыпқа байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, еліміздің осы жолда қолжеткізген  жетістіктерін де айтып өтті.

Жиын соңында колледж студенттері мен ұстаздары әркез жемқорлықсыз сессияны қолдайтындарын айтты.